
Павлодарда “Мамандығына адал жандар” медалін табыстау салтанаты өтті. Бұл марапат Павлодар облысы бойынша босандыру қызметінің үйлестірушісі, жоғары санатты акушер-гинеколог және жоғары санатты УДЗ дәрігері, Павлодар облыстық перинаталдық орталығының тәжірибелі маманы Любовь Ходыреваға берілді.
Медальді “Әйелдер денсаулығы” қорының төрайымы Гаури Бапаева табыстап, әйел мен баланың саулығын қорғауда ерен еңбек етіп жүрген дәрігерлердің еңбегі – қоғамның ең басты байлығы екенін атап өтті.
Любовь Ходырева медицина саласында отыз жылдан астам еңбек етіп келеді. Осы жылдар ішінде мыңдаған сәбидің дүниеге келуіне себепші болып, жүздеген ананың жүрегіне сенім мен қуаныш ұялатты. Оның кәсібилігі, адамгершілігі мен мейірімі әріптестерінің құрметі мен науқастардың алғысына бөленген.
“Мамандығына адал жандар” медалі өз ісіне шын берілген, жоғары адамгершілік пен кәсіби адалдық танытқан мамандарға беріледі.
“Бұл марапат тек бір адамның еңбегін емес, бүкіл ана мен бала денсаулығын қорғап жүрген дәрігерлердің жанқиярлық еңбегін мойындау”, – деді Гаури Бапаева.