Неонаталдық скрининг жаңа туған нәрестелердің жасырын ауруларын ерте анықтауға мүмкіндік береді және өмірдің алғашқы күндерінде міндетті түрде жүргізіледі.
Жаңа туған нәрестелерге өмірінің алғашқы күндерінде неонаталдық скрининг жүргізіледі. Бұл – туа біткен және тұқым қуалайтын ауруларды алғашқы белгілері пайда болмай тұрып анықтауға бағытталған міндетті медициналық тексерулер кешені. Бұл туралы перинаталдық орталық мамандары хабарлады.
Дәрігерлердің айтуынша, нәресте сырттай сау болып көрінсе де, кейбір аурулар алғашқы кезеңде еш белгі бермеуі мүмкін. Осындай жағдайларда неонаталдық скрининг дер кезінде көмек көрсетуге мүмкіндік береді.
Қолданыстағы талаптарға сәйкес, перинаталдық орталықта бірнеше скрининг түрі жүргізіледі. Атап айтқанда, фенилкетонурия мен туа біткен гипотиреозды анықтау үшін нәрестенің өкшесінен бірнеше тамшы қан алынып, генетикалық зертханаға жіберіледі.
Сондай-ақ аудиологиялық скрининг жүргізіледі. Оның бірінші кезеңі перзентханада, ал екінші кезеңі баланың тұрғылықты жері бойынша амбулаториялық-емханалық қызметте өткізіледі.
Бұдан бөлек, жаңа туған нәрестелер туа біткен жүрек ақауларына пульсоксиметрия әдісі арқылы тексеріледі. Арнайы датчиктің көмегімен қандағы оттегі деңгейі өлшеніп, неонатолог нәрестені жүрек ақауының төмен немесе жоғары қаупі бар топқа жатқызады.
Мамандар неонаталдық скринингтің барлық түрлері тегін, қауіпсіз және ауыртпалықсыз екенін атап өтті. Ерте анықтау диагноз болып саналмайды, тек қосымша тексерулер жүргізу қажеттігін білдіреді және баланың денсаулығы мен өмірін сақтауға бағытталған.


@depzdrav_pavlodar
whatsapp руководителя