контакт: 8/7182/209910 priem_ord@mail.ru
адрес: Павлодар қ., көшесі Генерал Дүйсенов, 4/2
Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев
Павлодарлық ана перинаталдық орталық дәрігерлеріне алғыс білдірді
20-04-2026 16:02
Павлодарлық ана перинаталдық орталық дәрігерлеріне алғыс білдірді
Павлодар қаласының тұрғыны Назым Смағұлова облыстық перинаталдық орталықтың дәрігерлері мен медицина қызметкерлеріне шынайы алғысын білдірді.
2025 жылғы 30 қазанда оның ұлы Оразалы Хақназар Бауржанұлы мерзімінен бұрын, небәрі 580 грамм салмақпен дүниеге келген. Анасының айтуынша, сәбидің өмірі үшін күрескен алғашқы күндер аса ауыр әрі шешуші болған.
Алғашында нәресте реанимация бөлімінде, кейін қарқынды терапия палатасында жатқан. Осы уақыт бойы анасы күніне екі рет келіп, оған ана сүтін әкеліп тұрған.
— Сол қиын сәттерде әрбір грамм мен әрбір тыныс маңызды еді. Дәрігерлер мен медбикелердің кәсібилігі мен жанқиярлығының арқасында біз бұл сынақтан өте алдық, — дейді жас ана.
Назым Смағұлова жаңа туған нәрестелердің реанимация және қарқынды терапия бөлімінің меңгерушісі Эльвира Қосманқызы Сүлейменоваға, сондай-ақ бөлімнің барлық қызметкерлеріне ерекше алғыс білдірді.
— Олар біз үшін жай ғана маман емес, нағыз тірек пен үміт болды. Ең қиын сәттерде жанымыздан табылып, қолдау көрсетіп, сенімімізді жоғалтпауға көмектесті, — деп атап өтті ол.
Кейін анасы сәбиімен бірге шамамен бір ай бөлімшеде бірге жатқан. Қазіргі таңда бала салмақ қосып, 3 келі 724 граммға жеткен. Бүгін ол үйіне шығарылып жатыр.
— Біздің баламыз — нағыз күрескер. Кішкентай болса да, өте мықты. Оның әрбір жетістігі — дәрігерлер еңбегінің нәтижесі, — дейді анасы.
Смағұловтар отбасы барлық медицина қызметкерлеріне алғыс айтып, олардың еңбегін «сақталған өмірлер мен бақытты отбасылар» деп бағалады.